Коллектив театра

Жұмаділ Сағындық Айтмұхаметұлы

Категория: Актеры Печать страницы
Жұмаділ Сағындық Айтмұхаметұлы

 

               Сағындық Айтмұхаметұлы 1988 жылы Талдықорған қаласындағы қазақ драма театрына жолдамамен келіп, театрдағы актерлық жұмысын М.Әуезовтың «Еңлік –Кебек» пьесасындағы Жапал ролімен бастады. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының докторы, белгілі сыншы Бағыбек Құндақбаев: «Сағындықтың сомдауындағы Жапал образы маған кезінде М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрында Жапалды шыңына жеткізіп ойнаған Сейфолла Телғараевты есіме түсірді» деп Сағындықтың алғашқы қадамына жылы пікір айтып, қанатына жел бітірді.Тумысынан сезімтал актер Сағындық Айтмұхаметұлы содан бергі ширек ғасыр уақыт арасында ойнаған рольдерінің дені, жұртшылық тарапынан жоғары бағасын алып келеді. Сағындықты жаңа бір белеске көтерген, актерлық қабілетінің жаңа бір қырын ашқан І.Жансүгіровтың «Исатай-Махамбет» спектакліндегі Ілиястың авторлық бейнесін сомдауы болды. Ақиық ақынның қиялында да атақты Махамбет және Жәңгір ханмен кездесуін әсіресе, соңында атылу сәтіндегі жан дүниесінің арпалысын, халқым деп соққан жүрегінің дүрсілін, поэзияға деген сулу сезімін дөп басып, оның образын шынайы бейнелеуі С.Жұмәділді шын дарын иесі екенін жұртшылыққа паш етті.

               Сағындық Айтмұхаметұлы І.Жансүгіровтың «Күйші» поэмасы бойынша қойылған поэтикалық спектакльде де Ақын бейнесін жасап, оның лирикаға тұнып тұрған мөлдір өлең жолдарын жүрек толғанысымен өнер сүйер қауымға әсерлі жеткізді.Сол жылы С.Жұмәділдің аты «Матай» қорының сыйлығын жеңіп алған театр қайраткерлерімен қатар аталды. Ол Ілияс бейнесін шынайы сомдағаны үшін ҚР Мәдениет Министрлігінің Құрмет грамотасымен және Облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталды.

          Осы ролдерден кейін актерға шығармашылықтың көкжиегі ашылғандай болды. Сөз жоқ, «Абай туралы аңыз» спектаклінде Әмірді, жас ұрыны, Оспанды, Қаратайды, сомдаған. С. Жұмәділ сахнада бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлерді ойнап, жас дарынан шеберлік биігіне көтерілген сақа актерге айналды. Оның талантының тағы бір үлкен белесі Т.Әліпбайдың «Қанды ғасыр» спектакліндегі Күлтегін ролі болды. Жанкешті батыр, Түркі қағанатының алмас қылышы, алтын жебесі-Күлтегін бейнесін сомдау Сағындықты биік тұғырға яғни, қалыпты болмыстан, романтикалық биікке көтерді.

           Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі театр сыншысы профессор Ә.Сығаев: «Сағындық бізде ұмытыла батаған романтикалық сарында өнер көрсетіп жүрген актер... Бұның Күлтегіні күйкі тірліктің емес, әлеуметтік деңгейдегі тірліктің иесі. Сөз саптауы, ойлау қабылеті, іс-әрекетті ұтымды атқаруы, әсіресе, шабытты мол сезімі- бәрі, бәрі дерлік актерды өз образымен туыстырып, табыстырып жібереді. Екеуін ажытырып алу қиын»- деп баға берді.

         К.Абдрахманның «Мұнарда мұнар, мұнар күн» драмасындағы- Жәңгір ханның, Т.Әлімқұловтың «Қош бол-Қарой» реквиіміндегі- Махамбеттің ролін сомдауы С.Жұмәділдің театр сахнасының саңлағына айналғанын танытатын актерлық шыңы деп бағалауға болады. Әсіресе, «Қош бол-Қарой» қойылымының 2003 жылы БҰҰ көлемінде өткізілген Махамбет Өтемісұлының тойына арналған театрлар фестивальінде жүлделі 3- орынды иеленуі Басты рольді ойнаған Сағындық Айтмұханбетұлының қол жеткізген табысы екені анық. Ол М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегінде» Есен, І.Жансүгіровтың «Күйшісінде» - Күйші, К.Әбдірахмановтың «Мұнар да мұнар, мұнар күнінде» - Жәңгір хан, А.Сейдімбековтың «Күтпеген кездесуінде» - Құдайменде», О.Бөкеевтің «Құлыным меніңінде» - Жан, Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махабатында» - Фердинанд, Т.Әлімқұловтың «Қош бол, Қараойында» - Махамбет, Т.Әліпбайдың «Қанды ғасырында» - Күлтегін, М.Әуезовтың «Бәйбіше Тоқалында» -Бейсетбай, «Хан Кенесінде» - Бұғыбай, Б.Тоқымтаевтың «Шынар басындағы қоңырауында» - Мұқағали, Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» - Жантық, Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашында» - Ерғали, Иран-Ғайыптың «Негізгі шаруасында» Тұрғын, Қалихан Ысқақовтың «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай образдарын шыңына жеткізе шынайы сомдағаны оның кемеліне толған актер екенін дәлелдейді. Үстіміздегі жылы 27-Наурыз Халықаралық Театр күні мерекесіне орай, театрдағы жыл қортындысындағы актерлік шеберлігі үшін Көркемдік кеңестің шешімімен «Жылдың ең үздік актеры» номинациясы бойынша марапатталды.

          Жұмаділ Сағындық театр мен бірге кино әлемінде де өзіндік қолтаңбаға ие актер. Атап айтсақ, С.Жүнісовтың «Аманай мен Заманай» фильмінде – Сардарбек, М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» фильмінде – Нұрлан, Т.Арганчиевтің «Лейтенант С» фильмінде–Жан, Д.Жолжақсыновтың «Біржан сал» фильмінде – Көлбай, Ресейде түсірілген А.Аравиннің сегіз сериялы «Пираньи» фильмінде - жапондық Массами, Р.Ибрагимовтың «Көшпенділер» фильмінде – бас уәзір, О.Сүлейменовтің «Махамбеттің қанжары» фильмінде – Старшын, Д.Манабаевтың «Лоторея» Лимузиндегі адам ролдерінде ойнап, үлкен өнер иесі ретінде өз талантын таныта білді.

           С.Жұмаділ 1996-2003 жылдар аралығында Талдықорған театрының директоры лауазымында қызмет атқарды. 1999- 20004 жылдары Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты ретінде де қоғамның әлеуметтік тұрмысына етене араласып, Азаматтық тұлғасын айшықтай түскен жан. Бүгінгі таңда  Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында актерлік қызметін жемісті жалғастырып жүр.