Коллектив театра

Нұрмұханбетова Мәкен Дүбекқызы

Категория: Актеры Печать страницы
Нұрмұханбетова Мәкен Дүбекқызы

Нұрмұханбетова Мәкен Дүбекқызы 2 қазан 1955 жыл Алматы облысы Қапал ауданы Ащыбұлақ ауылында дүниеге келген.

           Нурмухамбетова Макен Дубековна, Әуезов атындағы Академиялық драма театры студиясының түлегі,  Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында 1976 жылдан бері жұмыс істейді.Театрға келген күннен бастап өзіне берілген рольдерді ынтызарлықпен орындайтынын дәлелдеді. Оның алғашқы ролі А.Вампиловтың «Сүйінші, табылды, табылды» атты  қойылымында Макарская мен Нинаны кеше ғана студент қатарынан шығып келген жас қыз жоғары деңгейде ойнады.Жас талап әрбір жаңа рөлін орындаған сайын ерекше қырынан көрініп,  өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөлене бастады.

         Ол ойнаған: М.Әуезовтің «Қаракөз» - Ақбала, «Абай» - Ажар, Әйгерім, І.Жансүгіровтің «Исатай-Махамбет» - Фәтима, Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» -  Алма, Д.Исабековтің «Әпке» - Гаухар, Ш.Айтматовтың «Арманым, Әселім» - Әсел, «Ана-жер-ана» - Әлиман, «Ақ кеме» - Бекей, Б.Майлиннің «Шұға» - Шұға, Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» - Леди Мильфорд, К.Гольдони «Екі мырзаға бір қызметші» - Клариче, Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсе» - Меңсұлу, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» - Мақпал, Б.Римованың «Абай - Әйгерім», С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», А.Сейдімбековтің «Қош бол Ардағым», Ф.Буляковтың «Ұзатылмақ кемпірлер», Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін», Р.Сейсенбаев пен Е.Обаевтің «Өзіңді тап» - Айсұлу, Қ.Мұқашевтың «Дала дастаны» - Бибі,  А.Шамкеновтің «Уәкілдер» - Маржан, Ж.Аймауытовтың «Қанапия-Шәрбану» - Шәрбану, С.Мұқановтың «Аққан жұлдыз» - Айжан, С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» - Мәдина секілді тағы да басқа әр түрлі рөлдерді шабытпен орындаған алымды артистің репертуарлық тізімінің өзі айтып тұрғанындай, оның шеберлік аясы қалай айтсаңыз да ақылға қонымды.

        Қырық жылдың ішінде ол трагедиялық, драмалық, комедиялық спектакльдердегі негізгі кейіпкерлерді сахналап, өзінің көп қырлы дарын екенін танытты.Өз қолтаңбасы әбден айқындалған, қалыптасқан тәжірибелі орындаушы ретінде  психологиялық драмаларды тереңінен түсініп, жаны нәзік қыз - келіншектердің  сезім тегершіктерін, әсіресе қазіргі қойылымдарда алдыңғы буын - әжелер мен аналардың рөлдерін сомдап, көркем бейнелерді жасауда ол көпшілік қауымды тәнті етпей қоймады.Актерлық диапазоны кең, қиялы жүйрік, сезімтал да сергек жүрек иесінің шығармашылық жолда тапқан көркемдік табыстары олқы емес.Театрдың «ыстық-суығына» бірдей көнген қағылез өнер адамы, күні  бүгінге дейін осы өнер ордасында мамандығы бойынша актерлық қызметін атқарып, театрдың  жоғарғы биіктерден көрінуіне және жас ұрпақтар тәрбиесіне зор үлес қосып келеді. Бұл күнде қазақ мәдениетіне өнерімен де, жанымен де, актерлығымен де аянбай еңбек етуде.  Өз ортасында сыйлы тұлға, еңбекқор және талапшыл.

           Театр өнерін дамытудағы көп жылғы еңбегі ескеріліп, 2004 жылы «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атағы берілді.