Коллектив театра

Әлихан Ыдрышева Оразғалиқызы

Категория: Актеры Печать страницы
Әлихан Ыдрышева Оразғалиқызы

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері  

Ыдрышева Әлихан Оразғалиқызы 1950 жылы 9 желтоқсанда Қытай Халық Республкасында дүниеге келген. Семей облысының Ұржар ауданында 10 жылдық мектепті бітіріп, 1969-1974 жылдары Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның театр факультеті актерлық бөлімін бітірген. Ол өнердегі еңбек жолын 1975 жылы Талдықорған қаласында тұңғыш ашылған драма театрының қабырғасында бастады. Яғни, жас театрдың шаңырағын көтеріп, уығын шанышқандардың бірі. Содан бері осы театрда табан аудармай қызмет етіп келеді. Бойындағы туа біткен асыл қасиеттері: табандылығы, ізденгіштігі, тұрақтылығы, мақсатшылдығы актрисалық табиғатының басты сипаттарын құрайды. Оған ана тіліне аса жүйріктігі, үнінің әуезділігі, әншілік өнері қосылып, өз ортасында ерекше орны бар талант ретінде танылуына септігін тигізіп келеді. Осындай кең тыныстылығы арқасында ол трагедиялық ролдерден комедиялық, мелодрамадан сатиралық диапазонға еркін өте береді. Қолына алған образдың ой ағымын, көңіл күйіндегі құбылыс өзгерістерді, тағдыр-талайындағы шырғалаң сәттерді терең зертейді, сүйтіп кейіпкер табиғатын тап басып танып, көрерменді сүйсіндіретін шынайы бейне жасайды. Шығармашылық өмірі театрмен біте қайнасып, бірге жасасып келе жатқан Әлихан Ыдрышева қатыспаған қойылым жоққа тән. Үш дүркін театр фестивалінің лауреаты атанып, Қазақстан Республикасы мәдениет министрлігінің «Құрмет» граматосымен, Елбасының жарлығымен “Тәуелсіздіктің 10 жылдығы” медалімен марапатталған, ҚР еңбек сіңірген қайраткері атағы берілген.

Осы жылдар ішінде үлкенді-кішілі 100-ге тарта рольдерді сомдаған: М.Әуезов «Абай» - Қарлығаш, Қ.Мұқашев «Дала дастаны» - Мақпал, Иран-Ғайып «Ана аманаты» - Ана, Т.Ахтанов «Күтпеген кездесу» - Ана, Гольдони «Екі қожаға бір қызметші» - Смеральдина, Ә.Оразбеков «Бір түп алма ағашы» - Дәметкен, Б.Мұқай «Тойы көп үй» - Гүлшара, О.Бодықов «Жер тағдыры» - Қалдыбике, Ф.Буляков «Ұзатылмақ кемпірлер» - Фатима, К.Әбдірахман «Қара Керей Қабанбай» - Назым, К.Абдрахман «Мың бала” – Сейсен, К.Абдрахман “Мұнар да мұнар, мұнар күн” – Фатима, Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш Баян сұлу» - Таңсық, Ш.Құсайынов «Алдар көсе» - Дәметкен, Л.Егембердиева «Әріптестер» - Нұрбибі т.б. Сонымен қатар Ж.Исабаеваның «Қымбатты менің балаларым немесе Ойпырмай» фильмінде Ана бейнесін жоғарғы дәрежеде сомдаса, А.Ұзабаевтың «Ғашық жүрек», С.Нарымбетов «Созақтан келген Гамлет», А.Кончаловскийдің «Астана жүрегім менің» фильмдерінде аналар образын терең ашып көрсете біліп, көрермен көңілінен шықты. Сонымен қатар Д.Жолжақсыновтың «Біржан сал» фильмінде- Күтуші әйел, А.Сатаевтың «Мың баласында» - Елші әже, Ж.Исабаеваның «Қараойында» - көрші апа, Е.Шынарбаеваның «Астана махаббатым менің» - әже, «Сырғалым» - Ақгүл апа, «Тракторшының махаббаты» - апа, рольдерді шынайы сомдаған.

Ол талантты актриса, сахна шебері болумен қатар, жас артистердің тәлімгер ұстазы, ақылшысы. Б.Римова атындағы драма театрдың Республикада биік дәрежеде көрінуіне аянбай ат салысып, тұғырын биік ұстап келеді.